Мәзiр:

Мемлекеттiк рәмiздер:

Бір жылда49366
Бір айда4494
Бір аптада615
Кеше110
Тәулік43
"Ерлік өнегесі – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу құралы"
18 Қаз, 08:29

 

Ерлік өнегесі – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу құралы

(Бұқарбай батыр Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойы қарсаңына)

Жұмыр жердің бетіндегі қаншама ел, мемлекет, ұлт пен ұлыстың даму тарихы –өз алдына бөлек әңгіме. Адам баласы жаралғаннан бері руға, ұлт пен ұлысқа бөлініп, өздерінің қаншама мемлекеттерін  құрып келді. Соның бір айғағы ретінде қоғамдық дәуірлеген кезеңдерден, қиыншылықтар мен қырғын соғыстардан, отаршылдық пен бодандықтан өтіп, күні кеше жиырма жыл бұрын жеке мемлекеттік тәуелсіздігіне қолы қайта жеткен бейбіт елімнің, бүгінгі асқақ Қазақстанның,  ұлы рухы мен мұндалап тұр.

Өмір көші үнемі қозғалуда, азаттықтың ұраны әр қазақтың бойына дарып, қанға сіңіп уақыт ағымымен сылдырап ағуда. Ел, жер тарихы күн санап өзгеріп, өркениетке қарай дами түсуде.

Өткен тарихымызды ой елегінен өткізе отырып, ғасырлар қойнауына көз жіберер болсам, қазақ халқы небір қиын-қыстау кезеңдерді, ауыр күндерді басынан кешірген. Сонау ерте патриархтық-рулық құрылыс заманында халықтың арман қиялынан туған ел қорғандары – Алпамыс, Қобыланды, Тарғын сынды батырларымыз, Монғол шапқыншылығы кезінде туған қаласы Отырарды қасық қаны қалғанша ерлікпен қорғаған Қадырхан ел тірегі, ел панасы бола білді емес пе?! Қазақ халқы Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Күлтегін, Білге қаған, Елтеріс қаған билеген көк түрік заманындағы көк сүңгілі қақтығыстар, әлем әміршісі атануға ұмтылған Шыңғыс хан тұсындағы ат сауырынан қан кешкен алапат шайқастар мен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жойқын соғыстар, қала берді қандыбалақ Ресейге бодан болғаннан кейінгі жолбарыс жүректі Кене хан мен арыстан білекті Наурызбайдың, Исатай-Махамбеттің, Сырымның, Жанғожаның, Есеттің ұлт азаттығы жолындағы көтерілістері ен даланы еркін жайлаған ержүрек қазақ халқының үнемі қанатын қырқып, қатарын селдіретумен болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған халықтың ұлы апаты уақытында ел бірлігін сақтап қалған Абылай, Әбілқайыр хандардың ел-жұртына  сіңірген еңбегі, халық басына қайғы орнаған қысылтаяң жағдайда атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріміздің еш мүдірмей сөз бастаған тапқырлықтары, Жоңғар шапқыншылығын талқандаған қаһармандар Қарақарей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайдың ерлікке толы өмірі өз алдына жыр-дастан болса, «ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, кешегі дүние жүзін бір сілкінткен Ұлы Отан соғысының батырлары, Отанының тәуелсіздігін қорғауға, ошақ басының амандығы, болашақ бақыты үшін күресуге жауға аттанған – Бауыржан Момышұлының, қарапайым қазақ қыздары Әлия мен Мәншүктердің қайталанбас ерліктері, Желтоқсан құрбандары Қайрат, Ербол, Ләззат сынды жастарымыздың батыл істері – біз, жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тағылым мектебі.

Міне осындай қазағымның батыл ұл-қыздарын пір тұтып, соларға еліктесек еш қате болмасы сөзсіз. Олар Отаны үшін жанын пида еткен нағыз патриоттар. Олар жасаған ерлік істерімен өскелең ұрпаққа өнеге болар ұлы тұлғалар. Олардың есімі әлі күнге дейін ән мен жырға қосылып жырланып келеді және де жырлана бермек.

Халқымыздың от жалынды, зор таланттарының бірі, ұлт перзенті Мұқағали Мақатаевтың айтуы бойынша «бірінші бақытын ойының алтын кенін берген халқы, кейінгі бақытын тас жүректі тілімдеген тілі, келесісін құдіретті Құдайға теңеген Отаны» деп есептелген адамзаттың асыл бесігі – жұмыр жерді қалай сүйіп, қадірлейтіні сезілетін ұран әр қазақтың жүрегінің лүпілімен үндесіп тербелуі керек. Ал азулы ақынымыз Әбу Сәрсенбаев “Туған жер” өлеңінде терең ой-сезімін:

Уа, Туған жер, топырағыңнан жаралдым,

Алабыңнан арманыма нәр алдым.

Тұнығыңнан сүзіп іштім сендегі

Алтын арай таңғы жұпар самалдың, –

деген жасампаз жолдар арқылы береді.

Қорыта келе, патриотизм дегеніміз – кіндік қаны тамған жерді сүю, құрметтеу, қадірлеу, қорғау, тыныштығын сақтау. Менің ойымша, патриот болу әр азаматтың борышы. Сондықтан да әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болуға тырысуымыз керек.

Тұрарханов Еркебұлан

Павлодар қаласы

Дарынды балаларға арналған

Абай атындағы №10 лицей-мектебінің

11 сынып оқушысы

Erke_040795@mail.ru