Мәзiр:

Мемлекеттiк рәмiздер:

Бір жылда49799
Бір айда3899
Бір аптада1111
Кеше280
Тәулік159
«Батыр бабаларымыздың рухына бас иеміз!»
18 Қаз, 08:33

 

«Батыр бабаларымыздың рухына бас иеміз!»

 

Елінің даңқын батыры шығарар,

Батыры ,болмаса, ақыны шығарар.

(халық даналығы )

 

Жоспар.

 

1.Шежірелі тарихтың тарланы.

2.Отансүйгіштік рух – қасиетті тірек.

3.Еркін елдің ертеңі – тағылымды тұлға.

          Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен. Ел басына күн туғанда батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген тұлғаларымыздың бірі – Бұқарбай Естекбайұлы.  Ол – Кене ханның ең сенімді серігі, мыңбасы, әрі шешен, әрі батыр көсемі.  Елін, жерін қорғауды өмірлік мақсат еткен хас батыр 10жыл бойы Кенесары ханның азаттық туы астында арыстанша айқасты. Оның Ұлқаяқ, Бұланты, Жыланшық өзендерінің бойындағы өшпес ерліктері мен Созақ, Ақмола бекіністерін бағындырудағы әбден ысылған, шар болаттай ширыққан өр тұлғасы мен әскери қолбасшыларға  ғана тән ойлы іс-қимылдарын Кене хан әрқашан ризашылықпен еске алып, өзге сардарларға үлгі-өнеге етіп отырған. Қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан Әбділда Тәжібаев «Бұқарбай батыр - нағашым» атты толғауында:

Қиын қыстау сәттерде,

Еліне қалқан, ту болған.

Елі үшін ғана еңіреген,

Өлетін жерде өлмеген.

                                                 Жасқанып жаудан көрмеген, - деп, батырдың қайтпас қайсарлығын, ерен ерлігіне тебірене отырып жырға қосып, өз Отанының нағыз патриоттары екендігін кестелі сөзбен көркемдеген. Жауын торғайдай тоздырып, торыдай шошып, ірімшіктей іріткен Бұқарбай сынды батырларымыздың отансүйгіштік, патриоттық сезімдері – біздер үшін рухтың аса бір қасиетті тірегі.

          Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуға мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Отансүйгіштік сезім өрге бастайтынын өз ұлтымыздың тарлан тарихы талай дәлелдеді. Ендігі жерде сол алдыңғы толқыннан үйренетін, тәлімін алатын, қанатты ісін жалғастыратын дәстүр біздің еншімізге тиіп отыр. Сол жақсы үрдісті жалғастыру біздер үшін перзенттік қарыз да парыз болып саналады. Осы арқылы кейінгіге біз де із қалдыруға тиістіміз. Ол үшін жастықтың жалынымен, бойдағы күш-қуат, қарым-қабілетпен, ойдағы ұшқынмен Отан-Ананың тірегі болуымыз керек. Оның үстіне елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ХХІ ғасыр – білім, ғылым, бәсеке ғасыры. Оған төтеп беру үшін, рухтың мықтылығы, ұжданның күштілігі, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің биіктігі және көшбасшылық қасиеттің көрегендігі қажет. Өйткені жастардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру – патриоттық тәрбиенің басты бағыттарының бірі. Қалың елім қазағымның жанарында жанып тұрған оты бар жалынды да жігерлі  жастар, яғни біздер, ұлыларымыз бастап берген ұлы көшімізді алға бастап, қан-тамыры қазақ деп соғатын қазақжанды, ұлтжанды ұрпақтың болмысын,  ұлтымыздың ұлылығын танытайық! 

 

Құрманова Аделия

Павлодар қаласы

Дарынды балаларға арналаған

Абай атындағы №10 лицей-мектебі

9 сынып оқушысы

Nice.adeliya@mail.ru