Мәзiр:

Бір жылда55006
Бір айда6464
Бір аптада1514
Кеше173
Тәулік168
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы
23 Қаң, 15:46

Биыл композитор, философ, саясаткер, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға арналған шаралар басталады. Дана ойшылдың мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланып отыр. 

"Атадан алтау, анадан төртеу"

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.

Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай,  Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.

Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, "Ескітам" деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
 

"Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал жөне ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады", - деп жазды Мұхтар Әуезов.

 

Жазушының сөзіне қарағанда, Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.