Басы » Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің ережелері

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің ережелері

 

Қазақстан Республикасы   
Президентінің       
2008 жылғы 23 қаңтардағы 
N 523 Жарлығымен     
бекітілген        

 

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі
"Парыз" конкурсын өткізудің ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы (бұдан әрі - конкурс) халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.
      Конкурсты өткізудің мақсаттары:
      1) жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін, сол секілді тұтас алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру;
      2) осы саладағы қолда бар оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату.
      Меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдар (бұдан әрі - үміткерлер) қатыса алатын конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өткізіледі.

      2. Конкурстың жеңімпаздарын анықтау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімі негізінде конкурс лауреаттары атақтары жыл сайын үш санатта:
      1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;
      2) орта кәсіпкерлік субъектісі;
      3) ірі кәсіпкерлік субъектісі бойынша беріледі.

      3. Үміткерлер тұтас алғанда қоғамның және соның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін растайтын әлеуметтік бағдарламаларын ұсынуға тиіс.
      Бағдарламалар мен олардың жобаларына үміткерлер дербес және/немесе азаматтық қоғам институттарымен және жергілікті атқарушы органдармен әріптестікте жүзеге асыратын және әлеуметтік салада оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кіреді.
      Әлеуметтік жауапкершілік бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тиіс.

 2. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі
жөніндегі "Парыз" конкурсын өткізудің тәртібі

      4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы - конкурстың ұйымдастырушылары (бұдан әрі - ұйымдастырушылар) болып табылады.

      5. Конкурстың лауреаты атағына үміткерлер материалдарды осы ережелерге сәйкес рәсімдейді және ұйымдастырушыларға ұсынады.

      6. Үміткерлерге қойылатын талаптар:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыру;
      2) әлеуметтік және қайырымдылық қызмет саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталмауға тиіс.

      7. Ұйымдастырушылар:
      1) барлық үміткерлер үшін тең шарттарды;
      2) коммерциялық құпияны білдіретін ақпараттың құпиялылығын;
      3) оларды ресми түрде жариялайтын күннен бұрын конкурстың нәтижелері туралы мәліметтердің жария етілмеуін қамтамасыз етеді.

      8. Конкурсты өткізу мерзімдері:
      қаңтар - конкурстың басталуы туралы хабарлау;
      жыл сайын 1 желтоқсанға дейін - өтінімдер қабылдау.
      желтоқсан - қорытындылар шығару, жеңімпаздарды марапаттау.

      9. Материалдар қарау үшін конкурс ұйымдастырушыларына қағаз және электронды жеткізгіштерде ұсынылады.

      10. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер конкурсты ұйымдастырушыларға белгіленген нысандағы өтінімді және үш данада материалдарды ұсынады, оларда:
      1) осы ережелерге қосымшаға сәйкес толтырылған сауалнама;
      2) үміткердің өз қызметінің деңгейін өзін-өзі бағалауын және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелерін білдіретін есебі болады;
      Үміткердің есебінде:
      заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы;
      ұйымдық құрылымы; өзге де қосымша ақпарат;
      3) есепке қосымша (диаграммалар, сызбалар, кестелер, құжаттардың көшірмелері және тағы басқалар) болуы тиіс.

      11. Үміткердің мүмкіндіктері мен қызмет нәтижелерін сипаттайтын өлшемдерді конкурсты ұйымдастырушылар айқындайды.

      12. Ұйымдастырушылар үміткерлердің материалдарын Комиссияның қарауына ұсынады.

      13. Комиссия ұсынылған материалдардың негізінде жеңімпаздарды анықтайды және мынадай номинациялар бойынша конкурстың лауреаттары атақтарын беру туралы шешім қабылдайды:
      1) "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын".
      Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, еңбекті қорғауды, кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;
      2) "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы".
      Бұл номинацияда тұтас алғанда қоғамның және атап айтқанда өз ұйымы қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады;
      3) "Үздік ұжымдық шарт".
      Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

      14. Конкурс лауреаттарына тиісті диплом, эмблема және айрықшалық белгісі (мүсінше) беріледі.

      15. Конкурс лауреаттарын марапаттау рәсімі жыл сайын, салтанатты жағдайда өткізіледі.

      16. Лауреаттар тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      17. Конкурс лауреаттары бұл атақ берілгеннен кейін екі жыл бойы эмблеманы жарнамалық мақсаттарда пайдалану құқығын иеленеді. Белгілі бір номинация бойынша конкурс лауреаты атағын алғаннан кейін екі жыл ішінде оны алуға қайталап ұсынуға жол берілмейді.

 
Өңдеу күні: 13-05-2011